«Қарттар күніне» арналған салтанатты жиын өтті
Қыркүйек айының 29-ы Университет госпиталінде «Қарттар күніне» арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға госпитальде ұзақ жылдар қызмет етіп мекеме жұмысының ілгерілеуіне үлес қосқан ардагер-дәрігерлер құрметті меймандар ретінде шақырылды.
Аға буын әріптестеріміздің өмірлік тәжірибесін, бізге көрсеткен үлгі-өнегесін бағалау борышымыз деп білеміз. Салтанатты жиын өткізудегі мақсатымыз – көргені мен көкейге түйгені мол алдыңғы толқын өкілдеріне құрметімізді паш ету.
Қалыптасқан дәстүр бойынша ұйымдастырылған мерекелік шара құттықтау сөздерден басталды. Бірінші болып сөз сөйлеген «СМУ» КеАҚ-ның Басқарма Төрағасының клиникалық жұмыс және дипломнан кейінгі білім беру жөніндегі орынбасары Думан Берікұлы мен Университет госпиталінің директоры Назарбек Бақытбекұлы Омаров құрметті меймандарға деген жылы лебіздерін жеткізді. Одан кейін ортаға шыққан «СМУ» КеАҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Бауыржан Сіләмұлы Азизов пен «СМУ» КеАҚ Галина Алексеевна Берилова да құттықтаулар легін жалғастырып, тілектерін білдірді.
Мерекелік шара денсаулық сақтау саласына ғымырларын арнап университет госпиталінде еңбек еткен ардагерлеріміз үшін арнайы әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты. Көңіл толқытарлық сазды әуендер ойнап, әндер шырқалды. Құрметті меймандарымыздың жанарларынан нұр төгіліп, жүздерінен қуаныштың лебі есіп тұрды. Концерттік бағдарламадан кейін ұсынылған фуршет түріндегі шағын мерекелік дастархан басында ардагерлеріміз естеліктерімен бөлісіп, кешті ұйымдастырған университет госпиталі ұжымына ақжарма тілектерін айтты. Біз осы шараны өткізуге атсалысқан қауымға, келген құрметті меймандарымызға алғыс білдіреміз. Біз үшін кең әлемді көрікті ететін ыстық ықыластарыңыз, шуақты пейілдеріңіз, қадірлі ардагерлер!
Мерекелік шара үлкендерімізге қуаныш сыйлап қана қоймай қарияларға көңіл бөліп қамқорлық танытудың, аға буын өкілдерін бақытты етуге тырысудың қаншалықты маңызды екенін бәрімізге тағы бір мәрте көрсетті.





