Университет госпиталінде аорта клапанын транскатетерлік имплантациялау жүзеге асырылды

«Семей медицина университеті» КеАҚ 70 жылдық мерейтойы аясында отандық және шетелдік тәжірибелі ғалымдардың қатысуымен шеберлік сағаттары өткізілуде. Университет госпиталінде рентген хирургтарынан, жүрек-қан тамырлары хирургтарынан, кардиоанестезиологтардан, Функционалдық диагностика дәрігерінен тұратын аурухана тобы аорта клапанын өздігінен транскатетерлік имплантациялау операциясын (TAVI) жасады. Операцияға «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» интервенциялық кардиология және радиология бөлімінің басшысы (Астана қ.), м.ғ.к., Әлімбаев Серік Алмазұлы, Өскемен қаласы облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, м.ғ.к., Ботабаев Еділ Серікжанұлы, рентгенэндоваскулярлы зертхана бөлімшесінің меңгерушісі Азизов Бауыржан Сіләмұлы басшылық етті.
Операция жүрегінің аортасының клапаны критикалық стенозға ұшыраған 70 жастағы науқасқа жасалды. Феморалды артериядағы пункция арқылы жүрекке зақымдалған ескі клапанның аймағына жасанды биологиялық клапан жеткізіліп орнатылды. 1,5 сағатқа созылған операция асқынусыз, сәтті аяқталды. Бұл операциядан кейін науқастың қалпына келуіне 3-4 күн ғана кетеді.
«СМУ» КеАҚ-ң ренгентгенэндоваскулярлық зертханасының мамандары осындай хирургиялық емдеу жолдарын жүзеге асырған сайын тәжірибе жинақтап шеберліктерін арттырып келеді.